Белгілі ғалым, атақты сазгер – 70 жаста!

Опубликовано: Рубрика: Новости, События слева

Бүгін «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» мал өнімдерін өндіру технологиясы және стандарттау бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Ресей ауыл шаруашылығы Ғылым академиясы Сібір бөлімінің құрметті докторы, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі және атақты композитор Қыдырбай Жүсіпбайұлы Аманжолов 70 жасқа толып отыр. Мерейтойы иесінің құрметіне институттың мәжіліс залында салтанатты кеңейтілген ғылыми кеңес өтті.

Қыдырбай Аманжолов 1948 жылғы 21 ақпан күні Оңтүстік Казақстан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл ауылында дүниеге келген.

Жарты ғасырдан астам өмірін мал өнімдерін өндіру технологиясы, әрі оның сапасын зерттеу және оны өңдеу жұмыстарына арнаған белгілі ғалым, профессор 380-нен астам ғылыми еңбектердің авторы, оның ішінде 10 монографияның, 55 кітапшаның, 40 ұсыныстың иегері.

Қыдырбай Жүсіпбайұлының жетекшілігімен етті ірі қара мал төлдерін өсірудің, жетілдірудің және бордақылаудың қарқынды, аса сапалы экологиялық таза сиыр етін, тері шикізатын және көн өндірудің инновациялық технологияларын және жылқы етін экспортқа шығарудың ұлттық стандарттары жасалды. Түйе шаруашылығы бойынша көптеген ұсыныстары, түйе етінің терісінің, жүнінің, сүтінің сапасы туралы ғылыми еңбектері жарық көрді.

Сонымен қатар Қыдырбай Жүсіпбайұлы елге танымал талантты сазгер. Соңғы санаулы жылдардың ішінде 300-ден астам ән, 200-ге жуық күй жазған. «Ән-аққу», «Ән-самал» және «Ән-айна» атты кітаптары да жарық көрген. Көптеген әндері еліміздің атақты жұлдыздары Н.Нүсіпжановтың, С.Нұрмағамбетованың, С.Қалымовтың, Р.Стамғазиевтың, К.Жәмекованың, Қ.Әбіловтің, Т.Ырысымбетовтің, И.Мақаеваның, күйлері көрнекті сазгер, күйші Ермұрат Үсеновтің, кәсіби музыкант Өтепберген Жүсіповтың, «Тарту тобы» домбырашыларының орындауларында «Қазақ» радиосының «Алтын қорына» енген.

Ғылым және өнер саласындағы елеулі еңбектері мемлекет тарапынан ескеріліп, «Еңбек ардагері» (1990), «Академик А.И.Бараевтың  100 жылдығы» (2008), «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» (2013), «Ерен еңбегі үшін» (2016) және тағы басқа наградалармен марапатталған.

Құрметті Қыдырбай Жүсіпбайұлы! «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ ұжымы атынан бүгінгі мерейтойыңызбен құттықтай отырып, сізге зор денсаулық, белсенділік және жаңа ғылыми жетістіктер тілейміз! Еңбегіңіздің жемісін ұзағынан көріп, бала-шағаңыз­дың қуанышы мен мейір-шапағатына және халқымыздың қошеметіне бөлене беріңіз!

«ҰАҒБО» КеАҚ баспасөз қызметі

тел. 8-(7172)-72-86-73

E-mail: 133@nanoc.kz

Admin

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *